Ссылки доступа

Тәжік президентінің күйеу баласы Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды


Жамолиддин Нуралиев

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның күйеу баласы Жамолиддин Нуралиев тағы да Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Тәжікстан басшысы аталған жарлыққа 18 маусымда қол қойды.

43 жастағы Жамолиддин Нуралиев оған дейін Дүниежүзілік банк тобының атқарушы директорының кеңесшісі, Халықаралық валюта қорының атқарушы директорының кеңесшісі, қаржы министрінің орынбасары және "Агроинвестбанктің" бақылаушылар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.

Ол 2015 жылдың мамыр айына дейін Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары қызметінде істеген.

Эмомали Рахмонды оппоненттері отбасы мүшелерін билік ісіне араластырып отыр деп сынап келеді. Президенттің үлкен ұлы Рустам Эмомали 2017 жылдың қаңтар айында Душанбе мэрі болып тағайындалған. 2020 жылдың көктемінде парламенттің жоғарғы палатасы Мажлиси Миллиге спикер болып, билікте әкесінен кейінгі екінші адам болды.

Ал тәжік президентінің қызы Озода Рахмон 2016 жылдан бері президент әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарады.

Тағы бір қызы Заррина Рахмон 2017 Ориёнбанктің төраға орынбасары қызметінде. Президенттің Рухшон деген қызы болса елдің сыртқы істер министрлігінде жоғары лауазымды қызметте отыр.

Тағы бір күйеу бала Шамсулло Сохибов Ұлттық олимпиада комитетінің төраға орынбасары.

XS
SM
MD
LG