Ссылки доступа

Өзбекстанда коронавирус жұқтырған шетелдік туристерге 3 мың доллар өтемақы төлейді


Өзбекстанға қыдырып келіп, COVID-19 вирусын жұқтырған шетел азаматтарына 3 мың доллар өтемақы төлейді. Осындай жарлыққа ел президенті Шавкат Мирзияев 19 маусымда қол қойды.

Құжат «Uzbekistan. Safe travel guaranteed» («Өзбекстан. Қауіпсіз саяхатқа кепілдік беріледі») деп аталады.

Шетелдік туристердің денсаулығын қамтамасыз ету аясында Қауіпсіз туризм қоры құрылады. Оған Дағдарысқа қарсы қордан 20 млрд сум (2 млн доллар) бөлінеді.

Денсаулық сақтау инновациясы ұлттық палатасының төрағасы Равшан Изамов жергілікті және шетелдік туристер қауіпсіз аймақта жүргеніне сенімді болуы керек деп мәлімдеді.

"Туроператорлар, қонақүйлер және туризм саласына байланысы бар барлық мекемелер бірқатар талаптарды орындаған кезде арнайы сертификатқа қол жеткізеді. Ал бұл сертификат туристермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті Изамов.

Туристерге өтемақы төлеу тәжірибесі әлемнің көптеген елінде кең қолданылады.

Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны ресми мәлімет бойынша 6025 адамға жетті. 19 адам қайтыс болды.

XS
SM
MD
LG