Ссылки доступа

ОСК: Беларусьте президент кампаниясына 7 адам қатысып жатыр


Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидия Ермошинаның мәлімдеуінше, 7 адам президент сайлауы алдындағы науқанға қатысып жатыр.

Оның айтуынша, жеті адам — қазіргі президент Александр Лукашенко, "Белгазпромбанктің" бұрынғы басшысы Виктор Бабарико, Жоғарғы технологиялар паркінің бұрынғы басшысы Валерий Цепкало, танымал блогер Сергей Тихановскидің әйелі Светлана Тихановская, экс-депутат Анна Канопацкая, "Шындықты ай" қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Андрей Дмитриев пен Белорусь социал-демократиялық Грамада партиясының төрағасы Сергей Черечень президенттік сайлауға түсу үшін қол жинау кампаниясына қатысып жатыр.

Президенттікке үміткерлер жинаған қолдың нақты нәтижесі 30 маусымда белгілі болмақ. Әзірге тіркелу үшін толық құжаттарды Бабарико ғана тапсырған.

18 маусымда Минскіде Беларусь президенттігіне үміткер Виктор Бабарико мен оның ұлы қамауға алынған. Ол қазіргі президент Александр Лукашенконың сайлаудағы бас бәсекелесі саналады. Эдуард Бабариков те, оның әкесі де изоляторда қамалып жатыр. Билік істің мән-жайын жарияламай отыр. Бабариконың адвокаты да ешқандай мәлімет таратпай отыр деген хабар бар. Адвокат мұны ақпаратты таратпау туралы құжатқа қол қоюымен түсіндірген.

Виктор Бабарико қамалған соң, Беларусьте мыңдаған адам наразылық акциясына шықты. Сенбі күні полиция наразылық акциясына қатысқан 270 адамды ұстап әкетті.

Беларусьте президент сайлауы 9 тамызға белгіленген. Елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенко алтыншы мерзімге сайланбақ.

XS
SM
MD
LG