Ссылки доступа

Тәжікстан президенті Мәскеуде мигранттармен кездесуді жоспарламаған


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Мәскеуге сапары кезінде мигранттармен кездесуі жоспарланған емес. Бұл туралы Азаттықтың тәжік қызметіне ел президентінің баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарифзода хабарлады.

Оның айтуынша, коронавирус қаупіне байланысты сапар барысында тәжік азаматтарымен кездесуге болмайды.

Абдуфаттох Шарифзода тәжік президентімен Мәскеуге еріп барушылар екі апта бойында карантинде болғанын және үш рет қатарынан коронавирусқа тест тапсырғанын айтты.

Эмомали Рахмон 23 маусымда Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадқа қатысу үшін Мәскеуге ұшып кеткен. Онымен бірге шетелмен байланыстар бойынша кеңесшісі, қорғаныс министрі және өзге де шенеуніктер еріп барған.

Осының алдында Ресейде тұратын құқық қорғаушы Иззат Амон Эмомали Рахмонға видеоүндеу жолдап, пандемия кезінде көптеген кедергілерге тап болған мигранттардың үнін есту үшін олармен кездесуге шақырған.

23 маусымда Кремль парадтқа қатысатын лидерлердің аты-жөндерін жариялаған. Тізімде Біріккен ұлттар ұйымына кіретін жеті елдің лидері ғана бар: Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Сербия, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері. Халықаралық қауымдастық мойындамаған Абхазия және Солтүстік Осетияның жетекшілері де қатыспақ. Бұл аймақты тек Ресей ғана таныған. Қалған әлем қауымдастығы Грузияның бір бөлігі деп есептейді.

XS
SM
MD
LG