Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі дәрігерлерге тиісті өтемақы төленіп жатқанын айтты


Коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне қосымша айлық үш ай үшін төленіп берілген. Егерде қандай да бір қызметкерге қосымша ақша тимесе, оған сол медициналық мекеменің жетекшісі жауапты.

Осылай деп 23 маусымда вице-премьер-министр Аида Исмаилова мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет кепілдік берген үстеме айлық үздіксіз төленіп жатыр.

"Біріншіден, үстеме айлықты төлеп жатырмыз. Екіншіден, індет ошағында істеген медицина қызметкерлеріне қосымша төлем наурыз, сәуір және мамыр айлары үшін ақша толық аударылған. Стационарда істеген дәрігерлерге бір тәулік үшін 2300 сом, орта медциналық қызметкерге 2000 сом және кіші қызметкерлерге 1800 сом төленіп берілуі керек. Ал "жедел жәрдем" қызметінде істейтіндерге ауру жұқтырған әр науқасқа барғаны үшін, дәрігерге 600 сом, орта медциналық қызметкерге 500 және кіші қызметкерге 400 сом төлеу қарастырылған", - деді Аида Исмаилова.

Қырғызстанда 18 наурыздан 23 маусымға дейін коронавирус 3519 адамнан анықталған. Олардың 41-і қаза тауып, 2054-і айығып шыққан.

Індет жұқтырғандардың 604-і медицина қызметкері, олардың екеуі қаза тапты.

Үкімет шешіміне сәйкес, індет жұққан медицина қызметкерлеріне 200 мың сом, қаза тапқандардың отбасына 1 миллион сом өтемақы төленеді.

XS
SM
MD
LG