Ссылки доступа

Ресейде Путин билігін ұзартуға мүмкіндік беретін конституциялық өзгеріске дауыс беру басталды


25 маусымда ресейліктер президент Владимир Путиннің билігін ұзартуға мүмкіндік беретін Конституцияға енетін өзгеріске дауыс беруді бастады. Ол 1 шілдеге дейін созылады. Коронавирус індеті өршіп жатқан шақта сайлау учаскелерінде адам көп болмас үшін дауыс беру процесі жеті күнге созылған.

"Настоящее время" арнасының хабарлауынша, Ресейде - 96,5 мыңнан аса, 144 елде 254 сайлау учаскесі ашылған. Тұрғындар сайлау учаскесіне барып дауыс беруге болады. Бұған қоса, қашықтан және "мобильді сайлаушы" механизмі арқылы жүрген жерден дауыс беру жолы қарастырылған.

Күн сайын 7 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып жатқан шақта референдумның өтуі денсаулық сақтау саласы мамандарының алаңдаушылығын туғызған. Референдум індетті өршітіп жіберуі мүмкін деген алаңдаушылықты басуға тырысқан Кремль қауіпсіздікті сақтау үшін барлық шаралар қолданылады деп мәлімдеді. Бұған дейін дауыс беру 22 сәуірге белгіленгенмен пандемияға байланысты кейінге шегерілген еді.

Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, ұсынылып отырған Конституцияға түзетулер билік тармақтары арасында өкілетті қайта бөліп, елдің екінші және үшінші президенттері Владимир Путин мен Дмитрий Медведевтің президенттік мерзімдерін "жояды". Бұл өзгеріс елдің қазіргі президенті 67 жастағы Владимир Путинге 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік береді.

XS
SM
MD
LG