Ссылки доступа

Ақорда алдында акция өткізген жаңаөзендіктерге ескерту жасалды


25 маусымда Ақорда алдында ұсталған бес жаңаөзендікке "заңсыз акцияға қатысты" деген айып тағылып, ескерту жасалды.

Бейсенбі күні Ақорда маңында әлеуметтік мәселелерін айтып, шағымданған тұрғындар арасында 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде жарақат алған мұнайшылар Ермұхан Иманалиев және Мұханбет Серікбаев, "тергеу абақтысындағы азаптау" жайлы мәлімдеп, ауыр науқастан екі жыл бұрын қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің шешесі, 12 баланың анасы Оңайгүл Досмағамбетова және оның ұлы Қайрат Досмағамбетов те болған еді.

Наразылардың айтуынша, олар бұған дейін жұмыс сұрап, барлық қажетті мекемелер мен органдарға, "Өзенмұнайгаз" компаниясына барып, арыз-шағымдарын айтқан. Алайда талаптары сол күйі орындалмаған.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов "бұл азаматтардың мәселесінен хабардар" екенін айтып, "оларға аутсорсингтен жұмыс ұсынылған, бірақ өздері одан бас тартады, бұл азаматтар қанша талап қойғанмен "Өзенмұнайгаздан" жұмыс берілмейді" деді. Ал наразылар әкімдік ұсынып отырған жұмыстың жалақысы өте аз, ондай жалақымен бала-шағаны асырау қиын деп отыр.

Жаңаөзен тұрғындары бұған дейін де тұрақты жұмыс талап етіп, акция өткізген. Сондай талап қойған Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев былтыр қазан айында "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айрылған еді. Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты саяси тұтқын санатына қосқан.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жергілікті мұнай компаниясы жұмысшыларының бірнеше айға созылған бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға салдарынан 17 адам (біреуі – Шетпе станциясында) мерт болған. Қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды.​

XS
SM
MD
LG