Ссылки доступа

Мирзияев милиция бөлімшелерінде кісі азаптағандарды айыптады


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 30 маусымда жемқорлықпен күрес және әділдік орнату мәселелері жөнінде видеоконференция өтізіп, милиция бөлімшесінде екі кісіні азаптап өлтіргендерді айыптады.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Әндіжан қаласы мен Чиракчи ауданындағы ішкі істер органдарында болған қайғылы оқиғалар жүйе басшыларын ойлантып, тұжырым жасауға түрткі болуы тиіс".

Мемлекет басшысының хабарлауынша, ішкі істер органдарының осы қылмысқа қатысы бар он бір қызметкері жауапқа тартылып, жеті басшы қызметтен алынды, тағы 16 адамға сөгіс жарияланды.

Сот жүйесінің әділдігі туралы сөйлеген Шавкат Мирзияев: "Адамдар әлі күнге дейін сот жүйесіне сенбейді", - деп мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, биыл түскен арыздардың 44 пайызында, яғни 8 мыңнан астамында сот жүйесінің әділетсіз шешімі туралы айтылған.

Биыл қаңтар айында Чиракчи ауданында мал ұрлады деген күдікпен ұсталған 32 жастағы ер азамат аудандық милиция ғимаратында азапталып, соның салдарынан қайтыс болды.

30 мамырда 32 жастағы Әлижон Абдукаримов Әндіжан облысы ішкі істер басқармасының төртінші бөлімінде азапталып, есін жимастан жан тапсырды.

XS
SM
MD
LG