Ссылки доступа

Тәжікстан президентінен COVID-19 жайлы "жалған ақпарат" үшін айыппұл салу жөніндегі түзетулерге қол қоймауын сұрады


Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды коронавирус пандемиясы жайлы БАҚ-қа жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл салу жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасына қол қоймауға шақырды.

Тәжік парламентінің қос палатасы аталған заң жобасын мақұлдап, президентке қол қоюға жіберген.

Егер заң жобасына қол қойылса, журналистер коронавирус пандемиясы жайында жазылған материалы үшін 15 тәулікке қамалып, айыппұл төлеуі мүмкін.

Журналистерді қорғау комитетінің Орталық Азия және Еуропа бағдарламасы бойынша үйлестірушісі Гульноза Саид аталған заң жобасы елдегі цензураны күшейтіп, сөз бостандығына шектеу қояды деп атап өтті.

Тәжік парламенті қабылдаған заң жобасына сәйкес, заңды бұзған журналистерге 56 доллар, ал заңдық тұлғаларға 1128 доллар көлемінде айыппұл салу қарастырылған.

Тәжікстан президентінің қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі Абдуджаббор Рахмонзода қауіптің бәрі негізсіз деді. Оның сөзінше, құжат журналистерді қуғындауға емес, індетті алдын алуға бағытталған.

Осыған дейін "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы да Тәжікстанды айыптаған.

XS
SM
MD
LG