Ссылки доступа

5 шілдеден бастап 14 күнге карантин шектеулері енгізіледі


REUTERS/Mariya Gordeyeva

Қазақстан билігі 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шектеулерін енгізеді. Бұл туралы үкіметтің Telegram желісіндегі Coronavirus2020.kz каналы хабарлады.

  • Көлік қатынасы бойынша мынадай тәртіп орнайды:

1. Елдер тізімін көбейтілмей, халықаралық әуе қатынасы сақталады;
2. Өңірлер арасындағы әуе қатынасын, темір жол қатынасы сақталады (шектеулермен);
3. Өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтайды;
4. Қоғамдық көліктің жұмысы уақыт бойынша шектеледі.

  • Азаматтардың жүріп-тұруы бойынша мынадай тәртіп орнайды:

1. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады;
2. Ашық ауада жаттығулар жасауға рұқсат етіледі;
3. Тұрғындардың көшелерде, саябақтарда, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуі шектеледі;
4. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуы шектеледі.

  • Қызметіне тыйым салынатын нысандар тізімі:

1. Сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және ойын-сауық орталықтары, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары.
2. Мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді;
3. Алдын ала жазылу бойынша медицина орталықтарының қызметі сақталады;
4. Дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметі сақталады;
5. Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мынадай нысандардың қызметін сақталады: ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары; үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары; ашық ауадағы құрылыс жұмыстары; ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары; халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктер (уақыт бойынша шектеле отырып).

Хабарламада аталған карантин шектеулер эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2 аптаға ұзаруы немесе күшейтілуі мүмкін екені айтылған.​

Аталмыш мерзімге карантин шектеулері енгізілуі мүмкін екенін кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлаған болатын. Ел президенті шешімнің ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданатынын айтты.

Қазақстан премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ведомствоаралық комиссияның отырысына орталық және жергілікті мемлекеттік орган басшылары, парламент мәжілісінің депутаттары, "Атамекен" ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов қатысқан.

Мұның алдында жаңа тағайындалған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел президентіне карантин шектеулерінің үш сценарийін ұсынды. Екі апталық шектеу соның бірі болған.

Қазақстан 6 шілде күні Астана күнін атап өтеді. Елдің бұрынғы президенті, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тамағын қолында ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы күні туған. Ол биыл 80 жасқа толады. Бұл күн әдетте республика бойынша кең көлемде тойланатын. Коронавирус пандемиясына байланысты Алматы әкімдігі жоспарланған мерейтойлық салюттен бас тартқанын, Нұр-Сұлтан әкімдігі шараларды онлайн өткізетінін хабарлады.

XS
SM
MD
LG