Ссылки доступа

Түркіменстан пандемия тұсында ерлердің сақалымен күресіп жатыр


Түркіменстанның Лебап облысында ер азаматтардың ислам дәстүрімен өсірген сақалын мәжбүрлі түрде қырғызып жатыр деп хабарлайды Азаттықтың түркімен қызметі.

Тілшінің айтуынша, Түркіменабад және Фарап ауданында полиция қызметкерлері базар аралап, 60 жасқа дейінгі сақал өсірген ер азаматтарды ұстап жатыр. Оларды "діни экстремистер" мен "ваххабиттер" деп айыптап жатқан көрінеді.

Олар сақалды ер азаматтарды түрік тыңшысы деп атайды екен. Сонымен бірге полиция қызметкерлері ұстағандарды балағаттап, намысына тиетін сөздер айтады екен. Бұл жөнінде тілшіге полиция бөлімшесінде сақалы үшін ұсталып, түсінік берген ер азамат жеткізген.

Түркімен билігі соңғы жылдары сақал өсіруге қарсы күресті бірнеше жылдан бері жүргізіп келеді. Былтыр 20-55 жастағы ер азаматтарды сақалы үшін ұшаққа және пойыздарға отырғызбаған.

Сақалға қарсы құпия күрес Өзбекстан мен Тәжікстанда да кең тараған. Былтыр Өзбекстанның Ферғана облысы әкімі Шухрат Ганиев хиджаб пен сақалға қарсы ашық күрес бастаған.

Ал Тәжікстан билігі болса 2015 жылдан бері ашық күресіп келеді. 2016 жылы бір Хатлон облысында 13 мың ер азаматтың сақалын мәжбүрлі түрде қырғызған.

XS
SM
MD
LG