Алматыда 7 шілдеден бастап қоғамдық көлік жұмысы толық тоқтады. Барлық қоғамдық көліктер дезинфекциялауға жіберілген.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі араға апта салып, елде коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасын жариялады. Ресми дерекке сай, 30 маусым - 6 шілдеде елде 76 адам COVID-19 дертінен көз жұмған.
Марқұмдардың ең жасы 32-де, ең кәрісі - 88 жаста. Елде ресми дерек бойынша, 6 шілдеге дейін коронавирустан 264 адам көз жұмды.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 48 мыңнан асып кетті. Бірақ дәрігерлер көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін дейді. Елде пневмония дерті де өршіп, мыңдаған адам осы аурумен ауырып жатыр. Жыл басынан бері елді 1772 адам пневмониядан қайтыс болған. Оның 628-і маусым айында көз жұмған.
Пневмонияға шалдыққандардың біразының анализінен коронавирус табылмаса да, министрлік оларды COVID-19 хаттамасымен емдеп жатыр. Сарапшылардың көбі пневмонияның өсуіне де коронавирус әсер етті деп санайды.