Ссылки доступа

Қырғыз премьер-министрі медицина қызметкерлерін еңбек демалысынан қайтарып жатыр


Қырғызстан премьер-министрі Кубатбек Боронов 8 шілдеде елдің денсаулық сақтау министрлігіне еңбек демалысындағы барлық медицина қызметкерлері жұмысқа шықсын деп тапсырма берді.

Ол қазір халық медициналық көмекке зәру деді. "Ауырып жатқандар емделсін. Бірақ еңбек демалысындағы барлық дәрігерлер жұмысқа шығуы тиіс. Олар тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеп жатқан әріптестеріне көмектесуі керек", - деді Боронов.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір медицина қызметкерлерінің тең жартысы демалыста.

Ресми мәлімет бойынша, қазір індетке қарсы күресте 29 502 маман атсалысып жатыр. 8 322 маманның жоғары медициналық білімі бар.

Қырғызстанда соңғы тәулікте 345 адамнан вирус анықталды. Жалпы 8486 адам індет жұқтырған. 2983 науқас жазылып шықса, 112-сі көз жұмды.

XS
SM
MD
LG