Ссылки доступа

Ресейдегі Тәжікстан елшілігі чартерлік рейстерге тізім жасауды тоқтатты


Ресейдегі Тәжікстан елшілігі чартерлік рейстерге жолаушылар тізімін жасауды тоқтатты. Бірақ соған қарамастан Мәскеудегі елшілік алдында кезек күтіп тұрғандар көп.

Елшілік мәліметінше, 8 мыңнан астам тәжік азаматы Ресейден кетуге дайын отыр. Бірақ олардың бәрін еліне жеткізуге чартерлік рейстер жеткіліксіз болып жатыр.

Сол үшін елшілік еліне қайтқысы келетіндердің тізімін жасауды тоқтатқанымен, адамдар үміт үзбей ғимарат есігін күнде қағып жүр. Азаттықтың тәжік қызметіне жіберген видеоға қарағанда, елшілік алдында 150-дей адам тұр. Олардың арасында бала көтерген аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Жиналған жұрт ең болмаса, пойыз арқылы еліне жіберуді сұрап жатыр.

"Біз азаматтарға чартерлік рейспен Тәжікстанға қайтқысы келетіндердің тізімін жасауды тоқтатқанымызды хабарладық. Адамар ғимарат алдында көптеп жиналуына болмайды. Вирус жұқтыру қаупі зор. Олар елшілік қызметкерлеріне де індет жұқтыруы мүмкін", - деп мәлімдеді Ресейдегі Тәжікстан елшісі Имомиддин Саттори.

Ал тізімде бар азаматтардың өзі әлі қайта алмай жүргенін айтып жатыр. "Мен 19 маусымда тіркелгенмін. Үш апта өтті, маған әлі "күтіңіз" деген жауап келеді дейді Далер есімді азамат. Ал бұл арада билет құны 36 мың рубльге өскен.

Елшілік билет құнын әуе компаниясы өзі белгілейді дейді.

Тәжікстан билігі осыған дейін ұшақпен алдымен балалы аналарға, қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, студенттерге ұшуына мүмкіндік берілетінін айтқан. Бірақ мигранттардың сөздерінше, елге қайтқандардың дені тепсе темір үзетін денсаулығы жақсы жігіттер.

Тәжікстан билігі 25 маусымда карантинге байланысты Ресейде қалып қойған азаматтарды біртіндеп қайтаратынын мәлімдеген. Осы мақсатта арнайы чартерлік рейстердің ұшатынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG