Ссылки доступа

Өзбекстанда ең ірі карантин аймағында жатқандар бүлік шығарды (видео)


Өзбекстанның Ташкент облысы Шыршық ауданында орналасқан "Уртасарай" карантин аймағында жатқандар 8-9 шілдеде бүлік шығарды.

Әлеуметтік желілерде тарап жатқан видеоларға қарасақ, адамдар құлып салынған темір дарбазаны ашуға талпынып жүр, кейбіреуі шатырға шығып алып, адамдарды босатуын талап етті. Карантин лагеріндегі адамдардың айтуынша, кейбір адам мұндағы контейнерлерде бір айдан бері тұрып жатыр, бірақ билік оларды үйге жібермей, оның себебін де түсіндірмей отыр.

Таралған видеоларда сөйлеген әйелдер карантин аймағында 20 маусымнан бері жатқанын айтқан. Бір күн бұрын оларды тамақтандырмаған, балалар да аш қалған.

"Бізді қашан үйге жібереді? Нақты жауабын кім айтады?" - деп айқайлады әйелдердің бірі. Бірақ мұндай талаптарға құлыптаулы дарбазаның арғы жағынан ешкім жауап бермеді.

"Уртасарай" карантин аймағында жатқандардың айтуынша, 9 шілдеде 23-блоктың өзінде ғана 35 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Оларды Ташкенттегі Вирусология институтына алып кеткен.

"Олай болса, бізді тағы 14 күн осында қалдыруы мүмкін", - дейді 15 күннен бері осында жатқан бір өзбекстандық.

"Бір бөлмеде төрт адам жатыр. Біреуінің вирус жұқтырғаны расталса, қалғандарының карантиндегі уақытын созуға тура келеді", - деп түсіндірді Өзбекстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ұлықбек Сабиров.

Өзбекстанда 9 шілдеде 472 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Пандемия басталғалы бері елде 11564 адам осы вирусты жұқтырған. Бір күнде алты адам коронавирустан қайтыс болды.

XS
SM
MD
LG