Ссылки доступа

Тоқаев үкіметті сынап, карантин біткенше "жағдайды түзеуге" мұрсат берді


Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты екі аптаға енгізілген карантин жағдайды түземесе, үкімет отставкаға кетуі мүмкін. Бұл туралы жұма, 10 шілде күні үкіметтің кеңестілген отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

"Екі аптадан (карантин біткеннен) кейін жағдай жақсарады деп үміттенемін. Егер олай болмаса, үкіметтің қазіргі құрамының жұмысына байланысты мәселе туындайды", - деп мәлімдеді Тоқаев.

Үкіметтің бұл отырысы телеарналардан көрсетілмеді. Ақпаратты президенттің баспасөз қызметі Twitter-дегі парақшасынан таратып отыр.

Тоқаев үкіметке бес күннің ішінде коронавирус пандемиясымен күресте шұғыл шешім қабылдау жөніндегі алгоритмді әзірлеуді тапсырды.

"Мұндай шешімдер бір күнде, ары кеткенде екі күнде қабылданып, іске асуы керек", - деді ол.

Тоқаев бұған дейін көктемде төтенше жағдай режимі кезінде бюджет, мемлекеттік сатып алу салаларында бюрократиялық процедураларды қысқарту нәтиже бергенін айтты.

"Қазір біз майдандамыз. Сондықтан әрбір басшы жедел мәселелерді шешіп, тапсырмаларды орындағанда барынша тиімділік танытқаны абзал. Жауапкершіліктен қашып, бюрократияға салынудың қажеті жоқ", - деген президент.

Қазақстан президенті осыдан екі күн бұрын телеарнадан көрсетілген үндеуінде елде індетке шалдыққандардың күрт көбеюіне пандемияға "тойтарыс беруге әзір болмаған" денсаулық сақтау министрлігі мен "сақтық шараларын орындамаған" тұрғындарды кінәлаған. Елде індет тарап, қара жамылған отбасы көбейген шақта, Қазақстанды 30 жылдай үздіксіз басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен (биыл 80 жасқа толды) дөп келетін 6 шілде – Астана мерекесі күні Нұр-Сұлтан қаласында биліктің отшашу ұйымдастырғанын безбүйректікке балаған жұрт президент Тоқаевты да, үкіметті де сынаған.

Биылғы Астана күні мейрамына дейін қоғамда билікті мерекелік шаралардан бас тартып, 6 шілдені коронавирус құрбандарын аза тұту күні деп жариялауды ұсынғандар болған. 8 шілдеде видео-үндеуінде Тоқаев ол мерзімнен бір апта кейін - 13 шілдені аза тұту күні деп жариялайтынын мәлімдеді.

Қазақстанда маусымның орта шенінен бастап коронавирус індеті өршіп, вирус жұқтырғандар мен өлім-жітімнің күрт көбейіп кеткен соң билік 5 шілдеде елде екі апталық карантин жарияланды. Оның алдында Қазақстанда коронавирусты тоқтату үшін 16 наурыз - 11 мамыр аралығында төтеншей жағдай режимі жарияланып, жұрт екі айдай қатаң карантинде отырды.

XS
SM
MD
LG