Ссылки доступа

Тәжікстан билігі әл-ауқаты төмен отбасыларға көмектесетінін айтты


Тәжікстан билігі коронавирус пандемиясы кезінде жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсетуді шешті.

Ел президентінің баспасөз қызметі күн көрісі төмен отбасыларға "бір реттік төменгі айлық көрсеткіші көлемінде" жәрдем беру жөніндегі үкімет қаулысын жариялады. Тәжікстанда төменгі айлық көлемі 400 сомони (39 доллар) болады.

Қаулыға сәйкес, қаржылай көмек 1 тамызға дейін көрсетілуі тиіс.

Тәжікстанда тұрғындар арасында әлсіз топтар қатарына мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетімдер және жағдайы төмен отбасылар кіреді. 2018 жылы 85 мың отбасы аталған әлсіз топқа енгізілген. Бірақ қазір қаржылай көмек нақты кімдерге көрсетілетіні белгісіз.

Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда 6457 адамнан коронавирус анықталып, 55 науқас қайтыс болған.

Індет тәжік экономикасын тұралатып тастады. Негізгі табыс көзі саналатын еңбек мигранттарының ақша аударуы да екі есеге қысқарды.

Үкімет қазір халықаралық қаржы ұйымдарынан көмек сұрап жатыр.

XS
SM
MD
LG