Ссылки доступа

Тәжікстан түрмелерді реформалау бағдарламасын бекітті


Тәжікстан үкіметі түрме реформасы бағдарламасын бекітті. Құқық қорғаушылар бағдарламаны "бір қадам алға" деп бағалап, ең бастысы құжат күйінде қалып қоймай, жүзеге асуы тиіс деп атап өтті.

Қазір Тәжікстан түрмелерінде ресми мәлімет бойынша, 750 тұтқын құрт (туберкулез) ауруымен ауырады және 218 жазасын өтеушіден ВИЧ анықталған.

Қабылданған құжатта оннан астам талаптарға сәйкес келмейтін, проблемалы мекемелерді жабу көзделген.

Тәжікстанда өмір бойы түрме жазасына кесілгендер саны өсіп жатыр. Бірақ оларға арналған арнайы абақты жоқ. Сол себептен тәжік үкіметі халықаралық талаптарға сәйкес келетін арнайы түрме салуды көздеп отыр. Елде жабық мекемелердің көбі өткен ғасырдың 30-50-жылдары салынған. Содан бері қайта жөндеуден өтпеген.

Түрмеде отырғандардың тек 20 проценті ғана еңбекпен қамтылған. Оның үстіне ондағы құрал-саймандар тым ескі болғандықтан, тұтқындардың қолынан шыққан тауар нарықта бәсеке бола алмайды. Үкімет бағдарлама аясында осы мәселені реттеп, қолға аламыз деп отыр.

Соңғы екі жылда тәжік түрмелерінде бірнеше рет қанды көтеріліс болды. 2018-2019 жылдары Худжанд және Вахдат түрмелерінде болған бүліктен 50 адам қаза тапқан.

Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда 19 тергеу абақтысы мен түрме бар. 2019 жылы болған рақымшылыққа дейін жалпы 13 мың адам жазасын өтеген. Рақымшылық бойынша 7 мың адам бостандыққа шықты.

XS
SM
MD
LG