Ссылки доступа

Қазақстан COVID-19 вирусын жұқтырғандар бойынша алғашқы 30 елдің қатарына кірді


Қазақстан 15 шілдеде әлем бойынша коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны жағынан 31-орыннан 30-орынға көтерілді.

Бұл мәліметті Джонс Хопкинс атындағы америкалық университет таратты.

Қазақстан көрсеткіш жағынан Бельгияның алдына шықты, Беларусьтан кейін тұр. Минск коронавирус пандемиясына қарамастан карантин енгізуден бас тартқан. Қазақстан шілде айының ортасынан бастап қайта карантин енгізуге мәжбүр болды. Төтенше жағдай режимін алып тастағаннан кейін індет жұқтырғандар саны күрт өсті.

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирус анықталған 63 514 жағдай тіркелді, Беларусьта — 65 269, Бельгияда — 63 781. Қазақстанда індеттен көз жұмғандар саны 375-ке жеткен (бірақ бұл статистиканың растығына күмән келтіретіндер көп), Беларусьта — 474, Бельгияда — 9 787.

Қазақстан халық саны жағынан әлем бойынша ең төмен елдердің қатарына кіреді. Халық саны — 18,6 миллион, тығыздығы жағынан бір шаршы шақырым үшін 6,8 адам. Бельгияда — 11,49 миллион, тығыздығы жағынан шаршы шақырым үшін 381,4 адам. Беларусьта — 9,4 миллион, тығыздығы жөнінен бір шаршы шақырым үшін 45,8 адам.

Қазақстанда коронавирус анықталған бірінші оқиға 13 наурызда тіркелді. Жаздан бері коронавирус пен пневмониядан ауырғандар саны күрт өсті. Бірақ COVID-19-ға тест кері нәтиже берген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда маусым айында пневмониядан 628 адам көз жұмған. Бірақ оларды коронавирустан көз жұмғандардың тізіміне енгізбеді. Оған сонымен бірге COVID-19 вирустан көз жұмған, бірақ комиссия шешімімен басқа індеттен деп көрсетілген жүздеген марқұм да енбей қалды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда өршіп жатқан белгісіз пневмония шын мәнінде коронавирус инфекциясы екенін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG