Ссылки доступа

ДДСҰ Түркіменстанды санитарлық шараларды күшейтуге шақырды


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДССҰ) Түркіменстанда пневмониямен ауырғандар саны көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдіреді.

Бұл туралы өлкеде он күн сапарда болған ДДСҰ миссиясының басшысы Кэтрин Смолвуд Ашғабадта өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Түркімен билігін санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуге, сынама алуды көбейтуге, сонымен бірге басқа елдер сияқты алынған сынаманы ДДСҰ-ның референс-лабораторияларына жіберуге шақырамыз", - деді Смолвуд.

Бұдан бөлек ол халықтың денсаулығын сақтау үшін түркімен үкіметіне "елде COVID-19 вирусы кең тарап жатқандағыдай шараларды күшейтуді" ұсынды.

Түркіменстан билігі елде коронавирус жұқтырғандар тіркелмеді деп келеді. Бірақ Азаттықтың түркімен қызметі осыған дейін ауруханалар пневмония белгілері бар науқастарға толып қалғанын, олардың ішінде медицина қызметкерлері де көз жұмғанын жазған.

Бұдан бөлек бірқатар аймақтарда карантин енгізіліп, бірқатар өндіріс нысандары тоқтап қалғаны хабарланған.

Апта басында елдің денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер халықты "ауадағы тозаңның өкпеге кіруіне жол бермеу үшін медициналық маска тағуға" шақырған.

XS
SM
MD
LG