Ссылки доступа

Душанбе Ашғабадтан жүктердің транзитіне не себептен тыйым салғанын түсіндіруді сұрайды


Түркіменстан Тәжікстанға келе жатқан жүктерді не себептен өз аймағы арқылы өткізбей тұрғанын түсіндірер емес.

Осылай деп Тәжікстанның көлік министрі Худоёр Худоёрзода мәлімдеді.

"Біз бұл жағдайды түркіменстандық әріптестермен талқыладық. Бірақ түсіндірмеді", - деді министр.

Түркіменстан 2019 жылдың ақпан айынан бері Тәжікстанға бара жатқан жүк көліктерін өз аймағы арқылы өтуге рұқсат бермей келеді. Қыста Иран, Түркия және Парсы шығанағы өлкелерінен келе жатқан 100-ге жуық жүк көлігі өзбек-түркімен және иран-түркімен шекараларынан өте алмай тоқтап қалған.

Душанбе жүргізушілерге Әзербайжан мен Қазақстан арқылы өтуді сұраған. Бұл жолдар 2 900 шақырымға ұзақ.

Осының алдында Ашғабад бұл қадамын Душанбенің Түркіменстан-Ауғанстан-Тәжікстан темір жолын салуға қатысудан бас тартқанымен байланыстарған.

2013 жылы Түркіменстан, Тәжікстан және Ауғанстан трансауғанстындық дәліз құру бойынша келісімге келген. Сол жылдың наурызында үш ел президенті Түркіменстан - Ауғанстан - Тәжікстан темір жолын салу жобасы бойынша меморандумға қол қойған.

Тәжік тарабы осыдан кейін 2009 жылы басталған 40,7 шақырымдық Вахдат-Яван темір жолын аяқтап, 2016 жылы қолдануға берген. 2017 жылдың ақпан айында Душанбе-Вахдат-Яван-Курган-Тюбе-Шаартуз-Хожади бағыты бойынша ауған шекарасына дейін алғашқы жолаушы пойызы жүре бастаған.

Түркімен тарабы да темір жолдың өз аймағындағы 88 шақырымдық бөлігін 2018 жылдың күзінде аяқтаған. Оның ашылуына екі елдің президенттері — Эмомали Рахмон мен Гурбангулы Бердымухамедов қатысқан.

2018 жылы Душанбе мен Ташкент арасындағы қарым-қатынас қайта жақсарғаннан кейін Өзбекстан Галаба-Амузанг темір жолының шекарадағы бөлігін қайта қалпына келтірді.

Сарапшылардың айтуынша, осыдан кейін Тәжікстан билігі соғыс жүріп жатқан Ауғанстан аймағы арқылы өтетін темір жол құрылысынан бас тартқан. Душанбе 2018 жылы Түркіменстан - Ауғанстан - Тәжікстан темір жолы жобасына қатысуын тоқтатқан.

XS
SM
MD
LG