Ссылки доступа

Әзербайжан мен Армения шекарадағы ұрыстың жалғасуына бір-бірін кінәлады


Армения мен Әзербайжан биліктері екі ел арасындағы шекарада ұрыстың қайта жалғасуына бір-бірін кінәлады.

Армения қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, ұрысты әзербайжан тарапы жалғастырып, "тиісті жауабын" алған.

"Түнгі сағат 03:40 шамасында Армения Құраулы күштерінің кезекшілері қарсыластың қозғалысын байқады. Қорғаныс әдісін пайдаланған армян күштері қарсыластың диверсиясына кедергі жасады", – деп жазды Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Шушан Степанян фейсбуктегі парақшасына. Оның айтуынша, "ұрыс кезінде қарсылас жақ шығынға ұшырап, шегінуне мәжбүр болды".

"Одан соң, сағат 05:20-да әзербайжан күштері Д-30 гаубицасымен Айгепар, Мовсес ауылдарын атқылай бастады. Ол әлі тоқтаған жоқ", – деді ол.

Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы "оқ атпау келісімі осылай бұзылды" деп жазды.

Әзербайжанның мәлімдеуінше, Армения Қарулы күштері 16 шілдеде таңертең "Товуз ауданындағы біздің бекіністі тағы да шабуылдауға талпынды". Әзербайжандық "Тұран" агенттігінің хабарлауынша, Агдам, Дондар Гушчу және Вахидли ауылдары минометпен атқыланды. Бейбіт тұрғындар зардап шеккен жоқ.

Армения мен Әзербайжан шекарасында қарулы жанжал 12 шілдеде тіркелген. Сол кезде де тараптар бір-бірін айыптаған.

XS
SM
MD
LG