Ссылки доступа

Помпео Адамдардың ажырамас құқықтары жөнінде баяндама жасады


Майк Помпео

АҚШ мемлекеттік хатшысының сөзінше, Ресей, Қытай, Иран және Венесуэла әлемдегі негізгі адам құқықтарын бұзатын елдер болып саналады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бұл сөздерін Филадельфияда Адамдардың ажырамас құқықтары жөніндегі комиссия отырысында айтты.

Помпео адам құқығы тек Америка қоғамында ғана емес, сыртқы саясатта да басты рөл атқаруы тиіс деп атап өтті. Мемлекеттік хатшының сөзінше, АҚШ адам құқықтары үшін күресіп жүрген адамдарға үміт беруші маяк секілді қызмет етіп жүр. Мысал ретінде ол Гонконгтағы наразылық шарасы кезінде митингке шыққан адамдардың қолына америкалық туды ұстап жүргенін келтірді.

Помпео АҚШ-та Black Lives Matter акциясына қатысушылардың ескерткіштерді құлатқанын да сынға алды.

Мемлекеттік хатшы сонымен бірге Біріккен ұлттар ұйымын сынға алды. Оның айтуынша, БҰҰ кеңесі диктаторлардың нұсқауымен қимылдап, бұзылып жатқан адам құқықтарына көзді жұма қарайды.

Помпео АҚШ өзге елдердің көмегімен адам құқығын бұзушыларға санкция салуға дайын деп атап өтті.

АҚШ бір жыл бұрын Адамдардың ажырамас құқықтары жөнінде комиссия құратынын жариялаған. Помпеоның сөзінше, ұйым Вашингтонға Американың сыртқы саясаттағы адам құқығы рөлін қайта қарауға көмектесуі керек.

XS
SM
MD
LG