Ссылки доступа

Тоқаев үкіметке COVID-19 бен пневмония статистикасын біріздендіруді тапсырды


Қазақстан президенті үкіметке пандемия статистикасын біріздендіруді тапсырды. Бұл туралы ол 17 шілдеге қараған түні Twitter-парақшасында жазды.

"Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр" деді Тоқаев.

Ол сондай-ақ пандемия ақпараты "ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс" деп айтты.

Қазақстан билігі эпидемия басталғалы коронавирус статистикасын бөліп санауға әуестігін байқатты. Мамыр айында "31-канал" мен Азаттық коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеуге арналған зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкереледі. Көп ұзамай үкімет коронавирус жұқтырып қайтыс болған, бірақ "өлімінің себебі өзге" деген адамдардың барын, олардың саны негізгі статистикасына кірмейтінін айтқан. Соңғы рет бұл тізім 2 шілде күні жаңарып, 101 адамға жеткені хабарланған. Одан бері бұл тізімнің қалай өзгергені айтылмады.

Одан кейін 3 маусымнан бастап денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп екі бөлек санап, тек ауру белгісі барларды коронавирус статистикасына кіргізіп отырды. Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешева Азаттыққа берген сұхбатында екі бөлек санаудың халықаралық тәжірибе екенін, оның Швеция, Италия және Беларусь елдерінде қолданылып отырғанын айтқан.

Азаттық Швеция мен Италия елдерінің денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, Баешеваның айтқаны рас па, жоқ па, анықтап көрмек болды. Екі елдің министрлігі коронавирус жұқтырғандарды бөліп санамайтынын айтты. Ал Беларусь вирустың қаупі әсіреленген деп індетке дұрыс көңіл бөлмей отырған елдердің қатарында. Осы уақытта кейбір жергілікті басылымдар да коронавирус статистикасын бөлмей, бірге санауға көшті. Министрлік бұл тәжірибеден 1 шілде күні бас тартты, симптомы бар науқастар мен ауру белгісі жоқ науқастардың дерегін қайта қосты.

Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар саны алдыңғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 55,4 пайызға өсіп 98 546-ға жеткен. Тек 1-8 шілде аралығында пневмонияға 56 809 адам шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Билік шілде пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Пневмонияның осы деректері коронавирус статистикасына кірмеген. Билік шілде айында қанша адамның пневмониядан қайтыс болғанын, 9 шілдеден бері қанша адамның пневмонияға шалдыққанын айтпай отыр.

Осының бәрі биліктің статистикасына деген күдікті күшейтті. Ал бір апта бұрын Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпар таратып, Қазақстанда "белгісіз" пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.

Зертханалық талдау коронавирусты көрсетпеген пневмония жағдайлары Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күрт артқан. Алайда кеше елдің вице-премьері Аида Смаилова Қырғызстанның пневмония жағдайларын коронавирус деп санауға көшкенін хабарлады.

XS
SM
MD
LG