Тәжікстан билігі "Ағайынды мұсылмандар" ("Ихван-ул-муслимин") халықаралық террористік ұйымға қатысы бар деген күдікпен істі болғандардың қылмыстық ісінде "құпия" белгісі жоқ деп отыр.
Тәжікстан Жоғарғы сотының төрағасы Шермұхаммад Шохиён 20 шілдеде Душанбеде өткен баспасөз конференциясында "ағайынды мұсылмандар" ұйымына қатысты істе "құпия" белгі жоқ деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл іске қатысты сот процесі әлі аяқталған жоқ, 103 сотталушының екеуі - шетел азаматы.
Жоғарғы соттың бір қызметкерінің журналистерге хабарлауынша, істе сотталушы көп болғандықтан, бұған қоса пандемияға байланысты билік сот залына қатысушыларды шектеген.
7 шілдеде Тәжікстанның Жоғарғы соты "Ағайынды мұсылмандар" ұйымына қатысы бар деген күдікпен істі болғандарды соттай бастады.
Тәжікстанда "Ағайынды мұсылмандар" ұйымының жақтастары болуы мүмкін адамдарды биыл қаңтардан бері ұстап жатыр.
2006 жылы Тәжікстанның Жоғарғы соты "Ағайынды мұсылмандар" ұйымын елде тыйым салынған ұйымдар тізіміне қосты. Бұл ұйым 1928 жылы Египетте құрылған, кейін оның кейбір жетекшісі осы елдің билік басына келді.