Ссылки доступа

Амур облысында "Газпром" зауытындағы мигранттар бүлігінен соң 11 адам ұсталды


Ресейдің Амур облысында "Ренессанс Хэви Индастрис" мердігер ұйымы жұмысшыларының бүлігінен соң 11 адам ұсталды.

"Газпром" үшін зауыт салып жатқан еңбек мигранттары 13 шілдеде жалақыдан ұсталған ақшаның толық төленуін талап етіп, наразылыққа шыққан. Жұмысшылар бүлігі кезінде белсенділік танытқан 11 еңбек мигранты ұсталды, деп хабарлады Тергеу комитетінің аймақтағы басқармасы.

Сот шешімімен компанияның екі қызметкері қамауға алынған, қалған тоғыз жұмысшыға қолданылатын бұлтартпас шара мәселесі шешіліп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, олар құрылыс алаңындағы кеңселерді, дүкендерді, ұялы байланыс салондарын қиратқан.

Компания құжаттарын тексерген тергеу жалақының уақытылы төленгенін анықтады. Өзбекстан азаматтары мен мердігер ұйым басшылығы патент шығынының айлықтан ұсталуына келісі алмаған деп есептейді тергеушілер.

Еңбек мигранттарының бүлігі туралы 13 шілдеде хабарланған. Әлеуметтік желілерде ондаған жұмысшының "Ренессанс Хэви Индастрис" кеңселеріне тас лақтырып, мүліктерін сындырғаны туралы видео тарады. Оқиға орнына арнайы жасақ келіп, наразы жұмысшыларды қуып таратқан.

Амур облысы Свободный қаласындағы зауыт құрылысын Орталық Азиядан шыққан 15 мыңнан астам еңбек мигранты салып жатыр.

XS
SM
MD
LG