Ссылки доступа

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі ПЦР-тест үшін 42 млрд сұрады


Қазақстанда коронавирус ахуалы тұрақтала бастады. Бұл туралы 21 шілде күнгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Жазылғандар 60 пайызға көбейген.

- Соңғы аптада коронавирус жұққандар мен адам өліміне байланысты ахуалдың тұрақталғаны байқалады. Күн сайын 1500-1600 науқас анықталып жатыр, - деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда соңғы үш аптада провизорлардағы орындар - 89 пайыздан 69 пайызға дейін, реанимациялық бөлімдерде 73 пайыздан 67 пайызға дейін босаған. Жедел жәрдем көлігін шақыру да 23 пайызға азайған. Министр аймақтарда арнайы тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаторияларды қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек тізімі кеңейетінін, бір айға дәрі-дәрмек қоры жасақталатынын айтты.

Алексей Цой сонымен бірге ПЦР-тестен өткізу үшін республикалық бюджеттен 42 млрд теңге бөлу қажет екенін де айтты.

- 170 млн теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертхананың 67 маманына жұмсалады, - деді министр.

Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 73 468 адамнан коронавирус табылған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде алғашқы 30 елдің қатарына кіріп, 29 орында тұр. Постсоветтік кеңістікте алғашқы отыздыққа Қазақстаннан бөлек тек Ресей (4) ғана енген.

Кейбір сарапшылар елде коронавирус жұққандар ресми деректе айтылғаннан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.

COVID-19 ауруынан 45 376 науқас айыққан. 20 шілде күнгі мәліметке сай елде коронавирустан 585 адам қайтыс болған.

Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Денсаулық министрлігі мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз белгісіз пневмония екенін айтпады.

XS
SM
MD
LG