Ссылки доступа

Қазақстанда вирус жұқтырғандар 73 мыңнан асты. 610 адам қайтыс болды


21 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен министрдің орынбасары Ажар Ғинаяттың айтқан мәліметтерін шолып шықтық.

  • Елде наурыздан бері коронавирустан 610 адам қайтыс болды. Олардың арасында 40 жүкті әйел бар.
  • Өлім-жітімді тексеру комиссиясы коронавирус жұқтырған 150 адамның өлім себебін тексеріп жатыр.
  • Ғинаяттың сөзінше, елде коронавирустан шетінеген бала жоқ. Азаттық тілшісі “Нұр-Сұлтандағы коронавирус зиратында баланың жерленгенін көрдік” деген дерегіне «жаңа туған сәбидің анасы вирус жұқтырған болуы мүмкін, коронавирустан бала өлімі жоқ» деді.
  • Қазақстанда сегіз мыңдай адам пневмониямен ауырып жатыр. Олардың мыңнан астамы бала.
  • Алексей Цой жұмыс кезінде пневмонияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр деді. Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап коронавирус пен пневмония статистикасы бірге есептелген соң, бірқатар нормативтік құжаттарды өзгерту қажет. Әзірге қызметін атқарып жүріп Covid індетіне шалдыққан медицина қызметкерлер ғана өтемақы алады.
  • Цойдың сөзінше, қазір елде 123 дәрігердің коронавирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған. Кәсіби міндетін атқару барысында 59 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, қайтыс болған.
  • Қазақстан билігі коронавирусқа қарсы вакцина жасап, клиникалық зерттеулер жүргізіп жатқан “Ресей, Қытай, БАӘ елдерімен байланысып отыр”.
  • Цой: Екпелер барлық тексеруден өтіп, тұтынуға рұқсат етілген соң қайсысына тапсырыс беретінімізді анықтаймыз.
  • Елде вирус жұқтырғандар 73 мыңнан асты. 45 мыңнан астам адам дерттен айықты.
  • Цой елде індет жағдайы тұрақтала бастады, күніне 1500-1600 адамнан вирус анықталып жатыр деп мәлімдеді. Сөзінше, кейінгі екі аптада күн сайынғы науқастар өсімі 4 пайыздан 2,1 пайызға азайған. Жазылғандар 60 пайызға көбейген.
  • Министрдің айтуынша, кейінгі үш аптада провизорлардағы орындар 89 пайыздан 69 пайызға дейін, реанимациялық бөлімдерде 73 пайыздан 67 пайызға дейін босаған. Жедел жәрдем көлігін шақыру да 23 пайызға азайған.
  • Цой аймақтарда арнайы тұрақтандыру қорлары құрылып, амбулаторияларды қамтамасыз ететін дәрі-дәрмек тізімі кеңейетінін, бір айға дәрі-дәрмек қоры жасақталатынын айтты.
  • Министр ПТР тестен өткізу үшін бюджеттен 42 млрд теңге бөлу қажет екенін де айтты. Сөзінше, 170 млн теңге зерттеу жүргізуге тартылған ветеринарлық зертхананың 67 маманына жұмсалады.
XS
SM
MD
LG