Ссылки доступа

Қырғыз үкіметі: Бішкек пен Ош қалаларында аурухана құрылысы осы аптада басталады


Қырғызстанның Бішкек және Ош қалаларында 100 орындық аурухана құрылысы осы аптада басталады.

Бұл туралы премьер-министр Кубатбек Боронов 21 шілдеде республикалық шұғыл штаб жиналысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, медициналық мекемелер салынатын орын мен құрылыс жобасы дайын болып қалды.

"Ауруханалар құрылысын осы аптада бастау керек. Мемлекеттік сәулет, құрылыс және коммуналдық шаруашылық агенттігі құрылысқа жауапты. Денсаулық сақтау министрлігі ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен, мамандармен қамтамасыз етеді", - деді Боронов.

Жиналыста аймақтарда бос тұрған ғимараттар 100 орындық ауруханаға айналатыны айтылды.

20 шілдеде президент Сооронбай Жээнбеков пен премьер-министр Кубатбек Боронов өткізген онлайн жиналыста Бішкек пен Ош қалаларында жұқпалы аурулар ауруханасы салынатыны хабарланған. Оған қанша қаражат жұмсалатыны әзірге белгісіз.

Қырғызстанда эпидемиологиялық ахуал қиындаған сайын елде биліктің денсаулық сақтау саласындағы саясатын сынаушылар көбейді.

XS
SM
MD
LG