Ссылки доступа

Нұр-Сұлтан қаласына кіретін жолдарға полиция бекеттері орнатылды


Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті астанаға кіретін жолдарға полиция бекеттері орнатылғанын хабарлады.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға демалыс аймақтарына, адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес береді.

Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұргымбаев 24 шілдедегі брифингте Шорнақтағы төбелестен соң әлеуметтік желіде "тәртіпсіздікке шақырған арандатушыларға" байланысты тергеу амалдары басталғанын айтты.

21 шілдеде қазақтар мен этникалық өзбектер тұратын Шорнақ ауылында жастар арасында төбелес болып, төрт адам жарақаттанған еді. Жұма күнгі брифинг кезінде министр Ерлан Тұрғымбаев ауыл тұрғындары арасындағы төбелесті "тұрмыстық сипаттағы жанжал" деп атады. Оның айтуынша, соңы тас лақтыруға ұласқан кикілжіңді оқиға орнына барған учаскелік инспектор тоқтатқан.

- Бұзақылық және билік өкіліне күш көрсету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жанжал жасаған екі тараптан да адамдар ұсталды, - деді министр жұма күні.

Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде "жекелеген адамдар тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпарат таратқан". Олардың әрекетіне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Тұрғымбаевтың айтуынша, ауылда қазір жағдай тұрақты, полиция бақылауында.

Бұған дейін Азаттық төбелес кезінде жарақаттанған үш тұрғынның бірінің халі ауыр екенін хабарлаған еді. Оқиға орнына барған полицей учаскесіне де тас тиіп жарақаттанған. Полиция ұстаған төрт адамның екеуін қамауға сот санкция берген. 23 шілдеде Шорнақ ауылына барған Азаттық тілшісі кейбір тұрғындардың үйлерінің терезесі сынған, көліктері бүлінгенін көрді. Бұған дейін билік оқиғаның "ұлтаралық сипаты" жоғын айтқан. Ал тұрғындар тілшіге төбелес қазақ және өзбек жастары арасында болғанын айтқан.

Жұма күнгі брифинг кезінде министр Қарағанды облысы Сәтбаевтағы оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық қозғалғанын айтты.

- 23 шілдеде Сәтбаев қаласының полициясына 5 жасар баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Дереу тергеу-жедел тобы құрылып, іздеу жұмыстары жүргізілді. Бала бірнеше сағаттан соң көп қабатты үйлердің біріндегі пәтерден табылып, дәрігерлерге тапсырылды. Осы пәтерден күдікті ұсталып, ішкі істер органына жеткізілді. Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу жүргізіліп жатыр, қажетті сараптама тағайындалды. Күдіктінің әрекетіне байланысты екі бап бойынша адам ұрлау және бала зорлау баптары бойынша қылмыстық іс тіркелді, - деді Тұрғымбаев.

Бұған дейін жұмаға қараған түні Сәтбаев қаласында жүзден астам тұрғынның "бала ұрлады" деп күдікке ілінген адамның пәтері маңына жиналып, күдіктіні жазалау үшін қолға беруді талап еткені белгілі болған еді. Бірнеше адам терезе арқылы пәтерге кірмек болған. Бұл туралы министр:

- Бірнеше адам күдіктіні қолға беруді талап етіп, жанжал шығарды. Бұзақылық жасап, полицейлерге қарсылық танытты. Тәртіпсіздікке жол бермес үшін қосымша күштер тартылып, жағдай бақылауға алынды. Бұл оқиға бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, - деді.

XS
SM
MD
LG