Ссылки доступа

Пентагон америкалық әскери ұшақтың иран лайнеріне жақын ұшқанын растады


АҚШ қорғаныс министрлігі америкалық F-15 жойғыш ұшағының Иранның Mahan Air компаниясының ұшағына Сирия әуесінде жақын ұшып барғанын растады.

Пентагон өкілінің айтуынша, әскери әуе күштері әдеттегідей ұшақты тексерген. F-15 ұшағы иран лайнерінен шамамен мың метр қашықта болған. Экипаж халықаралық стандарттарға сай әрекет жасады дейді Пентагон өкілі.

Бұның алдында Reuters агенттігі, Иранның ресми ақпарат құралдарына сілтеме жасап, жойғыш ұшақтың жақындауы кесірінен Mahan Air компаниясының лайнері соғысып қалмас үшін биіктікті өзгерту мәжбүр болғанын хабарлады. Тегераннан ұшып шыққан лайнер Бейрутке қонған.

Иранның сыртқы істер министрлігі құқықтық және саяси шара қолдану қажеттігін мәлімдеді. Тегеран БҰҰ бас хатшысымен, сонымен бірге АҚШ-тың Ирандағы мүддесін қорғайтын Швейцария елшілігімен хабарласқан.

АҚШ пен Израиль Mahan Air компаниясын Сириядағы және басқа да елдердегі содырларға қару тасиды деп айыптап отыр. 2011 жылы АҚШ аталған әуе компаниясына санкция салған.

23 шілдеде Таяу Шығыстағы ахуал тағы да қиындады. Израиль Ливанмен шекарасына қосымша әскер жіберу туралы шешім қабылдады. Бұның алдында Ливанның "Хезболла" радикал тобының сарбазы Сирияда өлтірілген.

XS
SM
MD
LG