Ссылки доступа

Қырғыз түрмесінде қайтыс болған құқық қорғаушы Азимжан Асқаров Өзбекстанда жерленеді


Қырғызстандық құқық қорғаушы Азимжан Асқаров Өзбекстанда жерленеді.

Бұл жөнінде «Бир дуйно – Кыргызстан» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Толекан Исмаилова хабарлады.

Оның сөзінше, 27 шілдеде медициналық сараптама нәтижесі шығады, осыдан кейін құқық қорғаушының әйелі Хадиша Асқарова күйеуінің Өзбекстанға жерлеңдер деген тілегін орындауға ниетті.

«27 шілдеде біз елшілікпен Асқаровтың сүйегін Өзбекстанға жөнелту жөнінде келіссөз жүргіземіз. Ол әйеліне өзін нашар сезінетінін, егер қайтыс болса, балалары Өзбекстанға жерлесін деген өтініш айтыпты», - дейді Исмаилова.

Исмаилова құқық қорғаушының түрмеде қаза тапқанына байланысты қырғыз үкіметін сотқа беретінін жеткізді. Оның айтуынша, қырғыз түрмесінде айыбы дәлелденбесе де, жазасын өтеп жатқандар көп.

25 шілдеде №47 түрмесінде 69 жастағы Азимжан Асқаров қайтыс болды. Ол Қырғызстанның оңтүстігіндегі 2010 жылдың маусымында болған этникааралық қақтығыс кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және полицейдің қазасына қатысы бар деп айыпталып, өмір бойы түрме жазасына кесілген.

Жазаны атқару мемлекеттік қызметі Асқаровқа алдын ала «оң жақ өкпесі қабынған» деген диагноз қойылғанын хабарлаған.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті 2016 жылы Асқаровтың ісі бойынша қорытынды пікірін білдірген. Онда Әзімжан Асқаровтың түрмеде жатып азапталғанын, медициналық көмек алуға және әділ сот төрелігіне деген құқығынан айырылғанын мәлімдеген.

Осының негізінде құқық қорғаушы үстіміздегі жылдың ақпанында Бішкек сотына жүгініп, БҰҰ комитетінің шешімі орындалмай отыр деп мәлімдеген.

Қырғызстан жоғарғы соты 15 маусым күні Бішкек әкімшілік соты құқық қорғаушының Қырғызстан үкіметіне қарсы арызы бойынша істі тоқтатты деп хабарлаған.

2016 жылы Қырғызстанның жоғарғы соты Асқаровтың істін қарап, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

XS
SM
MD
LG