Ссылки доступа

Covid-19: Өзбекстан дәрігерлері президентке шағымданды


Өзбекстанда коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлері қорғаныс костюмдарының жетіспейтінін айтып шағымданды.

Ташкент облысында жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істейтін Дилором Абдувахабова ел президенті Шавкат Мирзияевқа Азаттықтың өзбек қызметі арқылы шағымданды.

"Бізге бір реттік киетін қорғаныс костюмдерін жуып, қайта киюді міндеттейді. Біз мұны бас дәрігерге бірнеше рет айттық. Бірақ бізді тыңдамайды. Дөрекі жауап береді", – дейді санитар.

Ташкент қалалық № 2 инфекциялық аурухана қызметкері Севара есімді әйел видео үндеу жолдап, өздерінің қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын көрсетті.

Сол секілді Өзбекстанның барлық облыстарында жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер шағым түсіріп жатыр.

Бұл жағдайға қатысты денсаулық сақтау министрлігі төмендегідей пікір білдірді.

"Мемлекеттік бюджеттен және халықаралық қорлардан түсіп жатқан ақша қаржы министрлігі жанындағы Дағдарысқа қарсы қорға жіберіледі. Ал қор қаржыны Санитарлық-эпидемиологиялық саулық агенттігіне береді. Бұл жөнінде толық ақпаратты агенттік біледі", – деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Ресми ақпаратқа сенсек, 17 шілдеге дейін аталған агенттікке 907 миллиард сум (шамамен 88 млн 750 мың доллар) бөлінген.

Ал бұл қаржының қалай жұмсалып жатқаны жөнінде мәлімет жоқ.

Қазіргі кезде Санитарлық-эпидемиологиялық саулық агенттігінде коронавирусқа қарсы күреске бөлінген қыруар қаржы жымқырылғаны жөніндегі факті бойынша тексеру жүріп жатыр.

XS
SM
MD
LG