Ссылки доступа

ФСБ қызметкерлері Мәскеуде теракт ұйымдастырмақ болды деп тәжік азаматының өлтірілгенін мәлімдеді


ФСБ "Мәскеуде адам көп шоғырланған орындардың бірінде жоспарланған терактінің алдын алдық" деп мәлімдеді.

Күдікті Химкахта атыс кезінде қайтыс болған. Одан 19 жастағы Тәжікстан азаматы Одил Каюмовтың атынан төлқұжат табылған.

Химкахта қараусыз қалған гаражда күдікті ер азамат жүргені анықталғаннан кейін, оны тексеру барысында қарсыласып, оқ атқан. Оқиға орнынан Калашников автоматы мен жарылғыш заттар табылған.

"Тексеру барысында көзі жойылған күдіктінің Сириядағы террористік топтың эмиссарларымен байланысы болғаны белгілі болды, ол теракт ұйымдастырмақ болған" делінген ФСБ таратқан мәліметте.

Өлтірілген ер азамат Орталық Азияның тумасы болған. Мәскеуде пәтер жалдап тұрған. Оның бауыры да ұсталған.

"Мен бауырымның Сириядағы террористермен байланысы барына күдіктене бастадым. Екі апта бұрын ол із-түссіз жоғалып кетті. Сосын мен бірден Ресейдің құқық қорғау органдарына хабарладым", - деп мәлімдейді өлтірілген күдіктінің бауыры ФСБ таратқан видеода.

Аталған видеода ер адамның денесін, жанында жарылғыш заттар жатқанын көруге болады.

Тергеу комитеті басқармасының өкілі Ольга Врадий "полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төндірді" деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Оның айтуынша, көзі жойылған күдіктінің сыбайластары болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG