Ссылки доступа

Еңбек министрлігі 1,8 млн адамның 42 500 теңге алғанын хабарлады


Карантин кезінде табысынан айрылғандарға берілетін 42 500 теңге (шамамен 100 доллар) көлеміндегі қаржылай көмек 1,8 млн адамға берілді. Бұл туралы 28 шілдеде билік өкілдері хабарлады.

"28 шілде [таңертеңгі] сағат 9-дағы ақпарат бойынша, 2,2 млн адамнан әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан бір реттік төлем тағайындау туралы өтініш келіп түсті...1,9 млн адамға төлем тағайындалды. 1 млн 820 мың азаматқа ақша аударылды" делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдемесінде.

Бұған дейін үкімет карантин шаралары қайта күшейгендіктен табыссыз қалған азаматтарға шілде айында да қаржылай көмек берілетінін хабарлаған еді. Оны жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, фрилансерлер ала алады. ​

Үкіметтің мәліметінше, 2 млн 233 мың адамның 822,1 мыңына төлем проактивті форматта (автоматты түрде) тағайындалған, 554,3 мыңы - электронды үкімет порталы арқылы, 287,6 мыңы - 42500.enbek.kz, 569,6 мыңы мобильді қосымша және банк сайттары арқылы өтініш берген.

Азаматтар категориясы бойынша жіктесек, 822,1 мың өтінішті бірыңғай төлем жиынтығын төлеушілер түсірген, 170,4 мың жұмыс беруші жалдамалы жұмысшылары үшін өтініш берген, 1 млн 241 мың өтініш өзге категорияға жататын азаматтардан (жеке кәсіпкерлер, өзін жұмыспен қамтығандар да бар) келіп түскен. Атаулы әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы, зейнетақы алатындарға 42 500 теңге төленбейді. Өтініш қабылдау 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

5 маусымда жарияланған карантин алғашында 14 күнге созылады деп айтылған еді, кейінірек билік карантин шараларын 2 тамызға дейін созды. Бастапқыда үкімет жұмысын тоқтатқан компания жұмысшыларына мемлекет әлеуметтік төлем төлемейді деп мәлімдеген еді, бірақ кейінірек төлейтіні белгілі болды.

Наурыз бен мамыр айларында жарияланған карантин кезінде де тұрғындарға 42 500 теңге берілген. Үкіметтің айтуынша, алғашқы айда - 4,5 млн адам, екінші айда 2 млн-нан астам адам 42,5 мың теңге алған.

Ресми мәлімет бойынша, ол кезде 42 500 теңге алуға 8 млн-нан астам адам өтініш берген. Сол уақытта кейбір тұрғындар құжаттарды рәсімдеудің қиын екеніне шағымданған. Мамыр айында үкімет төтенше жағдай кезінде табыссыз қалып, қаржылай көмек алмағандардың өтініші қайта қаралады деп айтып, жергілікті штабтарға құжатпен баруға кеңес берген. Кейбір азаматтар мемлекет берген қаржылай көмек - 42 500 теңгенің мардымсыз екенін айтқан.

Денсаулық сақтау министрі 28 шілде күнгі үкімет отырысында мемлекеттік комиссиядан 3 тамыздан бастап ірі сауда орындары мен қызмет көрсету орындарына жұмыс істеуге рұқсат беруді сұраған.

XS
SM
MD
LG