Ссылки доступа

Түркіменстан Тәжікстанның ауа райы болжамы туралы хабарламасына наразылық білдірді


Түркіменстан сыртқы істер министрлігі "Мир" мемлекетаралық телекомпанияның ауа райы болжамы туралы хабарына наразылық білдірді.

Ауа райы болжамында Тәжікстанда жақын күндері күтілетін аптап ыстықтың себебі Түркіменстан аумағы арқылы Ираннан жеткен жылы ауа деп айтылған.

Түркіменстан сыртқы істер министрлігі ресми сайтында "Тәжікстанның ауа райы болжамында Түркіменстанды тиек еткені алаңдаушылық туғызады" деп атап өткен.

"Қазір әлемде коронавирус пандемиясы өршіп тұрғанда, тәжік журналисінің жоғарыда айтылған хабарламасы саяси тұрғыдан қисынсыз", – делінген.

СІМ мәлімдемесінде ғалымдардың вирус ауада ұзақ сақталуы мүмкін деген болжамы келтіріліп, ауа райы болжамындағы хабарлама өз елі вирус таратушы ретінде көрінеді деген.

Түркіменстан елінде COVID-19 вирусын жұқтырғандарды тіркеп жатыр ма, бұл жағы белгісіз. Бірақ ресми түрде елінде коронавирус жұқтырған бірде-бір жағдай тіркелмеді деп мәлімдеп келеді.

Журналистердің хабарлауынша, Түркіменстан ауруханалары науқастарға толып қалған. Дәрі-дәрмек жетіспей жатыр.

Түркіменстан белсенділері өткен аптада елінде вирустан қайтыс болғандарды анықтайтын ресми сайт ашқан. Қазір онда 50 адамның аты-жөні жазылған.

XS
SM
MD
LG