Ссылки доступа

Тоқаев карантин шараларын екі аптаға ұзартуды тапсырды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияға "карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды". Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты сәрсенбі күні өткен отырыста Тоқаев ​"шектеу шараларының оң ықпалын арттыру" қажеттігін және шекаралас көрші мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсуі мүмкін екенін айтқан.

Бір күн бұрын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мемлекеттік комиссияға елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатқандықтан карантин шараларын 3 тамыздан бастап біртіндеп жұмсартуды ұсынған еді. Ол бұған дейін жұмысына тыйым салынған ірі сауда орталықтары, базарлардың шектеулі режимде жұмыс істеуіне рұқсат беруге болатынын айтқан.

Сәрсенбі күнгі отырыста мемлекеттік комиссия жетекшісі, премьер-министр Асқар Мамин 5 шілдеден бастап карантин қайта күшейгеннен кейін елде вирус жұқтырғандар 29 пайызға азайғанын, стационарларда емделіп жатқан науқастар қатары 43 пайызға қысқарғанын айтқан. Оның айтуынша, реанимация палаталарындағы науқастар 27 пайызға азайған. Жазылғандар көбейген. Жедел жәрдемін шақыртушылар сиреген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда шамамен 86,1 мың адамнан коронавирус табылған. Вирус жұқтырғандар саны жағынан Қазақстан әлемде 27-ші орында тұр.

Эпидемия басталғалы бері 56 мыңнан астамы жазылған. 800-ге жуық адам қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі 28 шілдеде елде бір аптада 208 адам коронавирустан қайтыс болды деп мәлімдеді.

Сарапшылар Қазақстандағы коронавирустан қайтыс болғандардың санына күмәнмен қарайды. Билік коронавирус жұқтырған кем дегенде 319 марқұмды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп ресми статистикаға қоспай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерін анализінен коронавирус табылған науқастарды ресми статистикаға қосуға шақырған.

XS
SM
MD
LG