Ссылки доступа

Қырғызстанда әлеуметтік желі арқылы билікті сынаған адамға қылмыстық іс қозғалды


Қырғызстанда Бішкек тұрғыны Эльдияр Жолдошевқа билікті ашық сынап, коронавирустың кең таралуына шенеуніктер кінәлі деп жариялаған видеосы үшін қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық іс қозғалғанға дейін құқық қорғау органдары Жолдошевтан жария түрде кешірім сұрауды талап еткен. Бірақ ол бас тартқан.

Қырғыз ІІМ нәсілшілдік, этникалық, ұлттық, діни және аймақаралық араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Жолдошевтің сөздерін тексеру үшін лингвистикалық сараптамаға жіберген.

Жолдошевтің өзі заңды бұзбадым деп есептейді.

"Мұның бәрі 2020 жылы болып жатыр! Тіптен бұл 1937 жыл болса да, мен өзімнің айтқанымнан бас тартпас едім. Бірақ бүгін маған жеткен ақпаратқа қарағанда, құрамында ІІМ, ҰҚМК мүшелері бар арнайы топ құрылып, мені және туыстарымды тергеп, әшкерелейтін іс-әрекетке көшкен", - дейді Эльдияр Жолдошев.

ІІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Бақыт Сейитов құқық қорғау органдары бұл мәлімдемеге заңдық тұрғыдан баға беруі тиіс деді.

Қырғызстанда соңғы уақытта билікті ашық сынаған азаматтарды жария түрде кешірім сұрату әдісін кең қолданып жатыр.

Сәуір айында дәрігер Бектур Алашов коронавирустан сақтануға маска бөлінгенін, бірақ ол ешнәрседен қорғамайды деп мәлімдеген еді. Осыдан кейін оның әлеуметтік желідегі парақшалары жойылып, ол жария түрде "жалған ақпарат" тарттым деп кешірім сұраған.

XS
SM
MD
LG