Президент құқық қорғаушының сот істерінде халықаралық заң талаптары сақталды деп есептейді.
“Бұл іс 2010 жылдан бастап Қырғызстан халқының, әлемдік қауымдастықтың назарын аударып келді. Соттың барлық инстанцияларына екі тарап та тең қайрылды. Халықаралық норма сақталды. Қырғызстанда заң үстемдік етуі тиіс. Менің сот шешімдеріне комментарий бергенім дұрыс емес”, - деді президент.
Мемлекет басшысы сонымен бірге пандемияда көп азаматтардың қаза болғанын атап өтіп, "қайғырып отырған барлық отбасына көңіл айтамын" деді.
Құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың сүйегі 31 шілдеде Өзбекстанның Ташкент облысы Янгибазар ауылында жерленді.
2010 жылдың маусым айында ол жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, полиция өліміне себепші болды деген айыппен өмір бойы түрме жазасына кесілген.
25 шілдеде №47 абақтыда қаза болды. Жазаны атқару мемлекеттік қызметі Асқаровқа "оң жақ өкпесі қабынған" деген диагноз қойылғанын хабарлаған.
Тергеушілер Асқаровтың кінәсі дәлелденгенін айтып келді. Құқық қорғаушының өзі көзі тірі кезінде бірнеше рет кері шағым түсіріп, бұл істі өзінен өш алу мақсатында әдейі ұйымдастырғанын, еш айыбы жоқ екенін айтқан.
Асқаровтың өліміне байланысты бірқатар халықаралық ұйымдар қырғыз билігін сынап мәлімдеме жасады.