Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда бір топ әйел педофилдерге өлім жазасын қолдануды талап етті


3 тамызда Нұр-Сұлтанда жиырма шақты әйел министрлер үйінің алдына жиналып, елде бала зорлау қылмысының асқынып кеткенін айтып, "бала зорлаған қылмыскерлерді" өлім жазасына кесуді талап етті.

– Педофилдерді өлім жазасына кесуді талап етемін. Қорғансыз бүлдіршіндерді қорғай алмасақ, мына полицияның да, қарулы күштің де керегі не? Өз елімізде бүлдіршіндеріміздің өмірін, психологиялық жағдайын қорғай алмасақ, үкіметтің қандай керегі бар? – деп ашынды бес баланың анасы Мөлдір Сәрсенбаева.

Нұр-Сұлтандық көп балалы әйел Айгүл Ниятбекова кейінгі кездері Қазақстанда балаларға қатысты зорлық фактілерінің жиілегенін, ана ретінде ұл-қызының болашағына қатты алаңдайтынын айтады.

Әйелдер шамамен екі сағат бойы министрлер үйінің алдынан кетпей, талаптарын айтып тұрды. Осы арада өзін "Есіл аудандық әкімдігі өкілімін" деп таныстырған қызметкер қалада қатаң карантин жарияланғанын айтып, жиналғандарды тарауға шақырды.

Ол сонымен бірге 6 маусымда күшіне енген "Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы" жаңа заңға сәйкес, әкімдікке жиын өткізу жайлы өтініш түспегенін, сондықтан заң бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті.

Наразы әйелдерді арнайы жасақ пен полиция сырттай бақылап тұрды.

Соңғы уақытта Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларды зорлау оқиғасы жиілеп кеткен. Қоғамды дүрліктірген бірнеше оқиғадан соң билік 2018 жылдың басынан бастап кәмелет жасына толмағандарды зорлағандарға химиялық кастрация жасау туралы заң қабылдаған.

Былтыр желтоқсан айында Қазақстан ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті елде "Зорлау" бабымен сотталған төрт азаматқа химиялық кастрация қолдану үкімі орындалып жатқанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG