Ссылки доступа

Киевте банк бөлімшесін жарамын деп сес көрсеткен өзбекстандық ұсталды (видео)


Украина астанасында "Леонардо" бизнес орталығында орналасқан "Универсал Банк" бөлімшесіне бомба қоямын деп сес көрсеткен ер азамат ұсталды.

Украина ІІМ орынбасары Антон Геращенко қауіп төндірген күдіктінің 32 жастағы Өзбекстан азаматы Сухроб Каримов екенін мәлімдеді.

Ол күдікті "Бумеранг" және "Гром" арнайы операциясы кезінде ұсталды деді.

Антон Геращенко​ Facebook парақшасына жазғандай, 3 тамызда сағат 12:00 шамасында полицияға "Универсал Банктің" өкілі қоңырау шалып, бөлімшеге 35 жастағы белгісіз ер адам келіп, сөмкесінде бомба бар екенін, егер өзін өлтірсе, бомба жарылатынын айтып қорқытқан.

"Оның әлеуметтік желідегі парақшасына жазғандарына қарағанда, психикасы ауытқыған адам. Біз қазір оның қаншалықты рас қауіп төндіріп тұрғанын білмейміз. Сол себептен қазір келіссөз стратегиясы таңдалды. Оперативті штаб құрылды", – деп жазады Геращенко.

Антон Геращенко кейнірек мынадай мәлімет жариялады.

– Ол өзіне журналистер жіберуін сұрады, сұқбат бергісі келеді, сонымен бірге 40 мың гривен (1,4 мың доллар) талап етті, – деді.

Банктің барлық қызметкерлері ғимаратты тастап шыққан, тек банк бөлімшесінің басшысы жұмыс орнында қалған.

Кейін полиция Сухроб Каримовке "НАШ", Zik және "112 Украина" телеканалдарының журналистерін жіберген. Оны журналистермен әңгімелесіп жатқанда ұстаған.

Ұсталған өзбекстандыққа қатысты "Террористік акт" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Антон Грищенконың хабарлауынша, ол ұзақ мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін.

32 жастағы Сухроб Каримов Самарқанд тумасы болып шыққан.

Жергілікті блогерлердің жазуынша, Киевтегі мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істеген оны тұрып жатқан хостелден "марихуана мен амфетамин" қолданғаны үшін шығарып жіберген.

Банк бөлімшесіне басып кіргеннен үш күн бұрын әлеуметтік желіге "жиһад" жариялап, "бөтен діндегілерді өлтіруге" шақырған.

Украина құқық қорғау органдары әзірге күдіктінің не себептен қастық әрекетке барғанын түсіндірмеді.

XS
SM
MD
LG