Ссылки доступа

Білім министрлігі: Қазақстанда жүздеген бала интернетке қосылмаған


Қыркүйектен бастап қашықтан оқи бастайтын Қазақстан оқушылары мен мұғалімдері арасында құрылғы өте тапшы. Елде 24 мыңнан астам мұғалімде - компьютер, 185 мыңнан астам оқушыда - құрылғы жоқ. 482 мыңнан астам оқушы интернетке қосылмаған.

Мұндай мәлімет 4 тамыз күнгі үкімет отырысында айтылды. Онлайн отырыста баяндама жасаған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "құрылғы өте тапшы, мұны ашық айту керек" деді.

– Қолында ешқандай құрылғысы жоқ балаларды ғана айтқан күннің өзінде мұндай 185 мың бар. Қалған балаларды есептегенде үлкен тапшылық бары анықталады. Әсіресе, көп балалы, аз қамтылған, жетім балаларды қамту мәселесі өте өзекті болып отыр. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін кем дегенде 500 мың компьютер осы балаларға таратылатын болады, – деді министр.

Брифинг кезінде көрсетілген сызбаға сәйкес, елде 24 231 мұғалімде компьютер жоқ. 27 519 мұғалім, 482 900 оқушы интернетке қосылмаған. Министрдің айтуынша, мұғалімдерге мектептердің техникасы уақытша берілмек.

Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстанда "118 қала, 4273 ауыл жоғары жылдамдық интернетпен қамтылған". Жылдың аяғына дейін "923 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған".

Брифинг кезінде Мусин интернет жылдамдығы төмен елді мекендер анықталғанын, интернет сапасын арттыратын қосымша жабдық орнату үшін жер бөлу қажеттігін айтып, бұл мәселені шешу бойынша премьер-министрден көмек сұрады.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі биыл оқушылар мен студенттер қашықтан оқи бастайды, тек бастауыш сынып оқушылары мен өндірістік тәжірибе мен сынақтан өтуі тиіс студенттерге ғана қандай да бір ерекшеліктер болады деп хабарлаған еді. 1 қыркүйек - Білім күні онлайн форматта өтеді.

Биыл көктемде коронавирус індетіне байланысты қазақстандық оқушылар мен студенттер оқу жылының соңғы бөлігін қашықтан оқып, аяқтаған еді.

Осы уақыт аралығында интернет жылдамдығының төмен болуы, мектептердің техникалық тұрғыда жабдықталмауы, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқуға дайын еместігі сияқты түрлі мәселелер туындаған. Көптеген ата-аналар балаларының онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып шағымданған еді.

XS
SM
MD
LG