Ссылки доступа

Шекарада мигранттар "толқуынан" кейін олардың Қазақстан аумағынан өтуіне рұқсат етілді


Орынбор облысында мигранттар тұрып келген шатыр
Орынбор облысында мигранттар тұрып келген шатыр

Коронавирус індетінің кесірінен Ресей-Қазақстан шекарасында ұзақ уақыт тұрып қалған Орталық Азия елдерінің үш жарым мыңға жуық азаматына Қазақстан аумағынан өтуге рұқсат етілді.

Бір күн бұрын Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Самара облысында мигранттар мен Росгвардия жасағының қақтығысып қалғаны туралы хабар тараған еді.

5 тамызда Азаттық тілшісі Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен бұл оқиға жайлы сұраған кезде баспасөз қызметінің өкілі "бұл Ресей аумағында болған, оған Қазақстанның еш қатысы жоқ" деп мәлімдеген еді. Кейінірек министрлік өзбек және қырғыз мигранттарына Қазақстан аумағынан өтуге рұқсат етілгенін хабарлады.

"Қырғыз және өзбек тарабы 27 шілдеде және 3 тамызда азаматтарын Ресейден әкелу үшін транзиттік дәлізбен қамтамасыз ету туралы ресми түрде ұсыныс айтқан. Бұл мәселе оң шешімін тауып, 4-5 тамызда Ресейден Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанның 2435 азаматының - 40 автобуспен, Өзбекстанның 2,2 мың азаматының өзбек тарабы ұсынған теміржол көлігімен өтуіне рұқсат етілді" деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

4 тамызда Telegram-дағы Mash арнасына жарияланған бір минуттық видеода жүздеген мигранттарды жол айрығында арнайы жасақ өкілдерінің тоқтатпақ болғаны, мигранттардың алды қалқан ұстаған сарбаздармен шекісіп қалғаны көрінеді.

Самара билігі ресейлік РБК арнасына берген сұхбатында видео 3 тамызда түсірілгенге ұқсайды деп мәлімдеген. Билік өкілдері ешкім ұсталмады, зардап шеккендер жоқ деген.

Індеттің кесірінен шекарадан өте алмай, Самара облысында қалып қалған Орталық Азия елдерінен келген мигранттар пандемия кезінде амалсыздан шекара аумағында палатка құрып, сол маңда тұрып келген еді. Жергілікті БАҚ олардың шыдамы шегіне жетіп, шекарашылар шебін бұзып өтуге тырысқан болуы мүмкін деп топшылайды.

Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев 3 тамыз күнгі кеңес отырысында мигранттар мәселесін көтеріп, олардың көбінің пандемия кезінде жұмыссыз қалғанын және кейбірінің қылмысқа барып жатқанын айтқан болатын. Оның айтуынша, мигранттардың шамамен 40 пайызы жұмысынан айырылған.

XS
SM
MD
LG