Ссылки доступа

Мирзияевтің күйеу баласы науқастарға ресми тіркелмеген қытай дәрісін таратып жатыр


Өзбекстанның Фармакологиялық комитетінің өкілі коронавирусты емдейді деп Қытайдан әкелінген Lianhua дәрісі мемлекеттік тіркеуден өтпегенін мәлімдеді.

26 шілдеде Өзбекстанның бірқатар басылымдары Қытайдан коронавирусты тиімді емдейтін Lianhua Qingwen Jiaonang препараты әкелінді деп жазған. Мұны өзбек президентінің кіші күйеу баласы Отабек Умаров ауруханаларға таратқан. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қытай дәрісін насихаттайтын жарнамалар жарияланды.

Төмендегі видеода көліктегі ер адам COVID-19 вирусы анықталған адамдарға Lianhua препаратын екі данадан тегін тарататынын айтып жатыр.

Азаттықтың өзбек қызметінің тілшісі Lianhua препаратын насихаттап жүргендердің біріне хабарласқан еді.

"Жүзімді же де, оның қайдан шыққанын сұрама" деген мәтел бар ғой. Бұл препаратты елге әкелуге жоғары лауазымды шенеуніктер себепші болып жатыр. Дәрі халық медицинасы негізінде шөптерден жасалған", – дейді сатушының бірі.

Жергілікті блогерлердің бірі Lianhua дәрісі Ташкенттің "қара базарында" 40 доллардан сатылып жатқанын хабарлады. Ал Қытайдың өзінде бұл 2 доллардан сатылады екен.

"Бастапқыда мұны тегін таратады деді. Кейін тексергенде, оны суыққа қарсы қолданады екен. Қытайда 2 доллар тұрады. Оны бізге әкеліп, 6 доллардан, тіпті кейбір жерлерде 40 доллардан сатып жатыр. Мұны Өзбекстан президентінің кіші күйеу баласы Отабек Умаров әкелуге себепші болған екен", - дейді ташкенттік блогер.

Суыққа және жөтелге қарсы Lianhua препаратын 2002 жылы Yiling Pharmaceutical компаниясы шығарған. Оны 2003 жылы атипиялық пневмония (SARS) шыққан кезде қолдануға ұсынған.

Қытайдың өзінде COVID-19 вирусын жұқтырып, белгілері жеңіл өтіп жатқан науқастарға да осы препаратты ұсынған.

Препарат Lianhua Qingwen Jiaonang.
Препарат Lianhua Qingwen Jiaonang.

5 тамызда Өзбекстанның Фармакологиялық комитетінің аты-жөнін атамауды жөн көрген өкілі Қытайдың Lianhua препараты елде ресми тіркелмегенін әрі клиникалық тәжірибеден өтпегенін айтты.

"Мүмкін бұл дәрі коронавирусты емдеуге көмектесетін шығар. Бірақ ресми тіркеуден өтпеген. Онда барлық нұсқаулары тек қытай тілінде жазылған. Ең болмаса өзбек тіліне аударылуы керек еді. Сосын оны сараптаудан өткізіп, сертификациялау керек еді. Содан кейін барып елде сатуға рұқсат беріледі", - деді Фармакологиялық комитеттің өкілі.

ДДСҰ ұйымы пандемия кезінде қолдан жасалған препараттар көп шығып жатқанын ескерткен.

"Қолдан жасалған дәрілер емдеуге көмектеспейді. Керісінше ағзаны улап, зиян келтіруі мүмкін", - деп мәлімдеген ДДСҰ.

XS
SM
MD
LG