Ссылки доступа

Бейрут портындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 135-ке жетті


Ливан астанасы Бейрутте болған қатты жарылыстан кейін адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Reuters агенттігі келтірген соңғы мәлімет бойынша, 135 адам қайтыс болып, 5 мыңы жарақат алған. 250 мыңға жуық адам баспанасыз қалған. Билік болжамынша қаза болғандар саны одан да көп болуы мүмкін. Ондаған адам жарылыстан кейін із-түссіз жоғалып кеткен. Құтқарушылар оларды үйінді астынан іздеп жатыр.

Бейруттағы портта 4 тамызда қатты жарылыс болды. Жарылыстың күші тіптен Кипрге жеткен. Қаланың жарты аумағы қирап қалды. Шығын көлемі миллиардтаған долларға бағаланып отыр.

Бұған дейін Ливан билігі жарылысқа қоймада сақталған 2 750 тонна аммиак селитрасы себеп болды деп мәлімдеген еді. Оны 2014 жылы кеден қызметі Rhosus кемесінен тәркілеп алған. Молдова туы ілінген кеме Хабаровскіде туған кипрлік Игорь Гречушкин есімді азаматқа тиесілі болған. Ол селитраны Грузиядан Мозамбикке жеткізбек болып, жолшыбай техникалық ақауға байланысты Бейрутқа тоқтаған. Кейінірек кеме басшысы жүктен бас тартып, кеме экипажының бірнеше жыл Ливанда тұруына тура келген: теңізшілер жақында ғана елдеріне оралған.

Болжам бойынша, селитра сақталған қоймада жүргізілген дәнекерлеу жұмыстары жарылысқа себеп болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG