Ссылки доступа

Тәжікстанда ислам партиясының бұрынғы екі мүшесі ұсталды


Исломиддини Файзали (сол жақта) және Джалолиддин Махмудов, мұрағат сурет
Исломиддини Файзали (сол жақта) және Джалолиддин Махмудов, мұрағат сурет

Тәжікстанда тыйым салынған "Исламның қайта жаңғыруы" (ислам партиясы) партиясының бұрынғы екі мүшесі қамауға алынды.

3 тамызда ислам партиясының Жоғарғы саяси кеңесінің бұрынғы мүшесі Жалолиддин Махмудов Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитетке шақырылып, одан кейін үйіне оралмаған. Туыстарының айтуынша, ол тергеу абақтысында қамауда отыр.

Жалолиддин Махмудов биыл сәуірде қамаудан шыққан. О 2015 жылдың жазында "Заңсыз қару-жарақ сақтау және алып жүру" бабы бойынша кінәлі деп табылып, бес жылға сотталған.

Арнайы қызмет ислам партиясының бұрынғы мүшесінің не себептен қамалғаны бойынша әзірге түсініктеме бермеді.

Өткен аптада Душанбеде ислам партиясының саяси кеңесінің бұрынғы мүшесі Исломиддини Файзали да ұсталған.

"Исломиддини Файзали мен әйелі бір апта бұрын Душанбеде ұсталған. Ертесі әйелін босатты. Бірақ қазір Исломиддиннің қайда екенін білмейміз", - деді белсендінің туысы Саидисхок Бобоев.

3 тамызда Тәжікстанның ІІМ жанындағы Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жарты жыл ішінде террористік және экстремистік ұйымдардың, оның ішінде "Исламның қайта жаңғыру" партиясының 200-ге тарта мүшесінің ұсталғанын мәлімдеген.

Маусым айы аяғында ұсталған ислам партиясының тағы бір мүшесі Асрориддин Розиков туралы мәлімет жоқ. Ол "Исламның қайта жаңғыру" партиясы жетекшілерінің бірі Зубайдуллои Розиковтың ұлы.

Тәжікстанның бас прокуратурасы Асрориддин Розиков "Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу" бабы бойынша айыпталып жатқанын білдірген.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Тәжікстанның билігінен Асрориддин Розиковты тез арада босатуды, қызметтік тексеру жүргізіп, оны қамауға алғандарды жазалауды талап еткен.

Тәжікстанның Жоғарғы соты 2015 жылдың қыркүйек айында "Исламның қайта жаңғыруы" партиясын террористік ұйым деп тану жөнінде шешім шығарып, оның қызметіне тыйым салған.

XS
SM
MD
LG