Ссылки доступа

Ташкент түбінде саяжайлар иелерінің рұқсатынсыз сүріліп жатыр (видео)


Ташкент облысы Бостанлык ауданындағы "Хумсон" және "Ходжакент" аудандарында саяжайлар заңсыз салынған деп сүріліп жатыр.

Угам өзені бойындағы саяжайларды иелері өздері жоқта сүріп жатыр деп хабарлады.

"Саяжайдың сүріліп жатқанын көршілерден білдік. Біз жеткенше, күреп тастапты. Оншақты адам жұмыс істеп жатыр. Менің анам экскаватордың алдына тұрып, наразылық білдірді. Олар бізге саяжай бұзылсын деген ешқандай құжат көрсетпеді. Олар саяжайлардың 40 процентін күреп тастаған", – дейді тұрғындардың бірі.

Азаттықтың өзбек қызметіне жіберілген видеолардың бірінде шенеуніктер, прокуратура өкілдері және тұрғындар арасында болып жатқан жанжалды көруге болады. Видеоны жіберуші "Хумсонда" түсірілгенін айтады.

Бостанлык ауданы әкімдігінің өкілдері бұл ақпаратты теріске шығарып, тек заңсыз салынған саяжайлар үкімет шешіміне сәйкес бұзылып жатқанын айтты.

"Екі жыл бұрын министрлер кабинеті заңсыз салған құрылыстардың бәрін сүру жөнінде тапсырма берген. Кейін президент жарлығы шықты. Бұл саяжайлардың бәрі сүрілген күннің өзінде иелері ешқандай өтемақы алмайды. Себебі, олардың бәрі заңсыз салынған, құжаттары жоқ",- деді әкімдік өкілі.

2017 жылы президент Шавкат Мирзияев Ташкент облысы Бостанлык ауданынан "Чарвак" еркін туристік аймағын құру туралы шешім шығарған.

Туристік аймақ құруға 100 млн доллар бөлу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру үшін Чарвак пен Угам өзендері бойындағы заңсыз салынған үйлерді сүру жөнінде тапсырма берілген.

Алдымен "президент тас жолы" бойындағы зәулік үйлер бұзылды. Енді саяжайлар сүріле бастады.

XS
SM
MD
LG