Ссылки доступа

Министрлік "пневмонияны" Covid статистикасына біріктіру үшін кемінде бірнеше апта керек дейді


Қазақстанда коронавирустық пневмонияны Covid статистикасына біріктіру үшін кемінде бірнеше апта қажет. 7 тамыз күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов осылай деп мәлімдеді.

Осы апта басында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой олар алдағы бір-екі күнде біріктіріледі деп айтқан еді.

Vlast.kz сайтының тілшісі "статистика нақты қашан біріктіріледі?" деп сұраған кезде Қожахметов "Апталарды салыстырып, жағдайды толық көрген кезде яғни, кемінде екі-үш апта керек" деп жауап берді.

Денсаулық сақтау министрлігі 2 тамыздан бастап коронавирустық пневмонияға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар туралы статистиканы жеке жариялай бастаған. Бірақ оған 1 тамызға дейінгі дерек енгізілмеген.

Ресми мәлімет бойынша, тамыздың алғашқы алты күнінде 11 008 адам коронавирустық пневмонияға шалдыққан, 120 адам қайтыс болған.

Эпидемия басталғалы бері елде 96 922 адамға коронавирус жұққаны зертханалық талдаумен расталған, 70 680-і жазылған, 1189 адам қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG