Журналист адвокаты Тимур Сұлтанов сот шешімімен келіспейтінін жеткізді:
"Біз сот шешімін заңсыз, негізсіз деп есептейміз. Себебі, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің нормалары бұзылды. Сондықтан, Бішкек қалалық сотына апелляциялық арыз береміз".
ҰҚМК арнайы өкілі Рахат Сулайманов іздеуде жүрген Бобомурод Абдуллаев 8 тамызда Өзбекстанның сұрауы бойынша қамалғанын растады.
Журналистің тағы бір адвокаты Тимур Карабаев Өзбекстанның құқық қорғау органдары оны Қылмыстық кодекстің 158-бабы («Өзбекстан Республикасының президентіне қастандық жасау»), 159-бабымен («Өзбекстан Республикасының конституциялық құрылымына зиян келтіру») айыпталып жатқанын мәлімдеді.
Интернетте «Усман Хакназаров» деген атпен танымал Бобомурод Абдуллаевты арнайы қызмет 2017 жылдың қыркүйегінде "Өзбекстанның конституциялық құрылымын өзгертуге шақырған мақалалар жариялады" деген күдікпен ұстаған. 2018 жылдың мамыр айында Ташкент қалалық соты оны шартты түрде бір жарым жылға кесіп, сот залынан босатқан. Көп өтпей журналист артынан әлдекімдердің аңдып жүргенін мәлімдеген.
Бобомурод Абдуллаев Еуропада жүрген жерінен Американың Орталық Азиядағы университетінің шақыруымен Бішкекке төрт айлық оқуға келген. Коронавирус пандемиясына байланысты шекара жабылып, ол кері қайта алмай қалған. 9 тамызда оны Қырғызстанның арнайы қызметі ұстаған.