Ссылки доступа

Биыл жеті айда Қазақстанның ЖІӨ 2,9 пайызға төмендеді


Сейсенбі күні ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылдың қаңтар мен шілде айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айтты.

"2020 жылдың қаңтар мен шілде айларының қорытындысы бойынша тауар өндірісі 2,1 пайызға ұлғайған, ал қызмет көрсету 6,2 пайызға қысқарған. Нәтижесінде ЖІӨ 2,9 пайызға азайған" деді Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда жылдық инфляция көрсеткіші 7,1 пайызды құраған, бұл жоспарланған көрсеткіштен төмен.

Министрдің сөзіне қарағанда экономиканың нақты секторында әсіресе, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларының көрсеткіштері жоғары. Алайда карантин шараларына байланысты қызмет көрсету көлемі азайған.

Қаңтар-маусым айларында сыртқы тауар айналымы – 42,5 млрд доллар, экспорт көлемі - 26 млрд доллар, импорт 16,5 млрд долларды құраған.

Шамамен бір ай бұрын болған үкімет отырысында жыл басынан бері Қазақстан экономикасының 1,8 пайызға төмендегені, қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға қысқарғаны айтылған еді. Билік жыл соңына дейін инфляция 11 пайызға дейін жетуі мүмкін деп болжайды.

XS
SM
MD
LG